• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2016

 Жұмбақ жануар

616 рет
көрсетілді

Соңғы кездері әлеуметтік желі­лерде киттердің өзін-өзі өлтіруі туралы мәліметтер жиі кездесуде. Ғалымдардың айтуынша, оның бірнеше себебі бар. Соның бірін­шісі, климаттық өзгерістерге байланысты. Ғалымдар киттер ауа температурасының өзгеріп, Антарктидадан ағып келетін салқын судың кесірінен өлуі мүмкін дейді. Екінші себебі, мұхиттардың ластануы. Ол мұнай өнімдерінің суға шектен тыс шығарылуы. Сол лас судан киттер ажал құшып жатады делінеді. Үшіншіден, киттер де адамдар мен басқа да жануарлар сияқты ауырады. Ішіне паразит түссе, ол ешқашан жазылмайды. Киттердің өзін-өзі өлтіруінің тағы бір себебін ғалымдар олардың миындағы компастың істен шығуымен байланыстырады. «Егер киттің миында магниттік компасы болса, ол қай теңізде, мұхитта жүзіп жүрсе де ешқашан жолынан адаспайды. Ал егер істен шықса, белгіленген маршрутынан жаңылысып, басқа жаққа бет алады. Сол кезде олар жағалауға шығып кетеді. Содан өліп жатады», дейді биоэкологтар. Сонымен қатар ғалымдар киттердің шудан да өлуі мүмкін екенін айтады. Ал шу дегеніміз, сүңгуір қайықтардың гуілі. Олар «мұхит қожайындарының» өміріне кәдімгідей қауіп төндіреді екен. Мысалы, қатты шуыл болса, киттер есту қабілетінен айырылып, өздерін жағаға лақтырады. Қалай десек те, осының бәрінің алып жануардың өліміне титтей де болса қатысы болуы мүмкін. Дегенмен, осы күнге дейін ғалымдардың ешқайсысы киттердің өлімінің себебін әлі нақты анықтай алмай келеді. Соңғы рет киттердің өзін-өзі өлтіру оқиғасы биылғы жылы тіркелген. Онда киттер әдеттегідей өздерін жағаға лақтырмай, адамдарды акулаларды қорғау үшін қойылған жасанды кедергіге түсіп қалған. Сол кезде ауға түскен бір кит құтқарылып, екіншісі жан тапсырған. Ал бұған дейін «мұхит қожайындары» өздерін жыл сайын жағаға лақтырып келген. Мысалы, 2002 жылы Кеп-Код түбегінің жағасына 55 кит лақтырылса, 2005 жылы Австралияның жағалауларына бірден 160 кит шығып қалған. Бір қуаныштысы, солардың ешқайсысы өлген жоқ. Олар табиғатты қорғау қызметкерлері мен еріктілердің арқасында құтқарылған. Жақында әлеуметтік желіде «мұхиттың патшасына» қатысты тағы бір мәліметті кездестірдік. Бұл жолы Канаданың Квебек провинциясындағы Тадуссак жағалауында Францияның бір турисі алып китті видеоға түсіріп, YouTube желісіне жариялады. Ол роликті төрт күннің ішінде 2 миллионнан астам адам көрді. Онда алып сүтқоректі туристер мінген қайыққа жақын жүзіп келіп, аузын арандай ашып бір көрінді де су астына жасырынып кетеді. Сонда киттің не үшін адамдар топ-тобымен мінген қайыққа шабуыл жасағанын ешкім айтпайды. Бәлкім, ол қайықтың гуіліне төзе алмай, шабуылдады ма екен? Өкініштісі сол, бұл сұраққа жауапты ғалымдардың өздері де білмейді. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»